Ономастикалық зерттеулердің ғылыми-зерттеу орталығы
+7 (7222) 42-32-24

Ономастикалық зерттеулердің ғылыми-зерттеу орталығы

Орталық басшысы
Сейитова Шынар Ботайкызы

Ономастикалық ғылыми зерттеу орталығы

 Үстіміздегі жылдың қараша айының бірі күні  «Alihkan Bokeihkan University» №3 ғимаратында «Ономастикалық ғылыми зерттеу орталығы» ашылды.

 Өлке топонимдері халықтың тарихи ескерткіштерінің көзі болғандықтан, Шығыс Қазақстан аймағының топонимикалық атауларын зерттеу, пайда болу тарихы, жазбалар мен карта беттеріне түсірілуі, топонимдердің ерекшеліктерін анықтау, топонимдер жүйесіне тарихи-этимологиялық талдау жасау өзекті. Ал оларды жан-жақты зерттеп, тану тарих пен халық тұрмысын жаңаша ұғынуға септігін тигізеді. 

          Ономастикалық зерттеу аудан тарихы мен мәдениетінің рухани қалыптасуын, патриоттық құндылықтар рөлін жаңаша ұғынуға мүмкіндік береді. Топонимиканы зерттеу кіші Отанымыздың жеке имиджін нығайтуға, туған өлкеге деген махабатты насихаттауға ықпал етері сөзсіз. Көптеген топонимдер тарихи оқиғалар мен белгілі бір жағдаяттарға, жер жағдайына  қатысты немесе кісі есіміне байланысты жасалып, топожүйе құрған. Өлкелік топонимдер бойына ақпараттық мән жинаған  бүгінгі күнге дейін ел аузында сақталған, тұтастай алғанда елдің өз өткені туралы пайымы мен ұғымын аңғартатын, өзгеше дерек қоры.

          Өңірлік ономастика мәселелерінің республикамызда, түркі елдерінде зерттелу барысын, тарихын қарастыру, өлкетану материалы ретінде тілдік қабаттарын айқындау да аса маңызды.

Ономастика мәселесімен шұғылданудың халықаралық және ұлттық деңгейдегі маңызы жоғары, себебі  ономастикалық атаулар  халықтың өткендегі өмірі, мекен еткен жері, олардың шығу, аталу тарихы, тәуелсіздігі үшін күресі, елін сырт жаулардан қорғауда ерлікпен қаза тапқан ұл-қыздары жайлы құнды дерек береді. Зерттеу сараптамасына салынатын ономастикалық жүйедегі тілдік бірліктер бүгін пайда болған жоқ, дүниеге келтірген бүгінгі ұрпақ өкілдері де емес, басқа тілден ауысып та келген сөздер емес, олар ата-бабаларымыздың өз аузымен айтылып, сөз ыңғайында орынды қолданылып келе жатқан атаулар. Ел ішіндегі  бүгінгі күнге дейін сақталып келген тілдік құндылықтарды қазір іздеп тауып жинақтау қажет. Ел ішіндегі ел ішінің әңгімесіне жетік, жер жағдайын жақсы білетін көзі қарақты, көкірегі ояу қарттарымыз азайып бара жатыр.

  Ұлттық мүддеге сәйкес тілдің этномәдени және әлеуметтік-мәдени қызметін айғақтайтын, деректейтін, дәйектейтін негіздері қатарынан қазақ ономастикасы жүйесінің де орын алуы жұмыстың мемлекеттік деңгейдегі маңызын көрсетеді.  Демек, жалқы есім қолданылатын ортадағы тілмен, мәдениетпен, тарихпен, идеологиямен, табиғатпен, шаруашылық жүргізу түрлерімен және этностың өмір сүру салтымен тығыз байланысты. 

Ал халықаралық деңгейде маңыздылығы да аймақтық топожүйенің Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқытылуы, түркі тілдерінің қырғыз-қыпшақ тобындағы  тілдердегі осы тектес мәселелердің барысын қарастыру арқылы маңыздылығын тану болып табылады. Таулы Алтай өлкесі, Монғолия, Түркия  мемлекеттері топокеңістігінің ұқсастықтары мен айырмашылықтарын қарастырып және сол елдердің жоғары оқу орындарының оқыту тәжірибелерімен, зерттеу ерекшеліктерімен таныса отырып, салыстырмалы-этимологиялық талдау жасай келе топокеңістіктегі еларалық ұқсастықтар мен ерекшеліктерді айқындау арқылы өз құндылықтарымызды бүгінгі сұранысқа орайластыра аламыз. Ал алынған ғылыми нәтижелердің мақсатты тұтынушылары; 

-ЖОО оқытушылары, колледж, мектеп мұғалімдері осы жоба нәтижесін күнделікті сабақ барысында және бітіруші студент, магистранттар, өз ғылыми еңбектеріне, облыстық, аудандық ономастикалық орталықтар, ауылдық әкімшіліктер құжаттарда, жер бөлінісіне байланысты карталар дайындауда жұмысқа арқау ете алады.

XXI ғасырда дүние жүзінде  қалыптасып отырған геосаяси жағдайда ғаламдану үдерісіне төтеп бере алатын, ұлттық бірегейлігін  жоғалтпай, әлемдік қауымдастық  мойындаған, іргетасы мықты мемлекет, ұлт болу үшін базалық құндылықтарымызды бағамдау  – мемлекет үшін аса маңызды мәселелердің бірі.

Бүгінгі таңда «Ономастикалық ғылыми зерттеу орталығы» Шығыс Қазақстан ономастикалық кеңістігін зерттеуге арналған ҚР БжҒ министрлігі тарапынан қаржыландырылатын екі ғылыми жобаны жүзеге асыруда. Жоба жетекшісі - филология  ғылымдарының докторы, профессор Сейітова Шынар Ботайқызы. 

2018-2020 жылдарда жүзеге асқан бірінші жоба: «Шығыс Қазақстан ономастикалық кеңістігі – ұлттық код пен рух жаңғыруының көрінісі» (Тарбағатай, Аягөз, Үржар аудандары топонимикалық атаулары негізінде)» деп аталса, 2021-2023 жылдары жүзеге асатын: «Шығыс Қазақстан ономастикалық кеңістігі – ұлттың мәдени- генетикалық кодының негізі. (Катонқарағай, Алтай, Глубокий аудандары материалдары негізінде) тақырыбындағы екінші жоба бастапқы жобаның жалғасы ретінде жұмысын жалғастыруда. Ғылыми жоба негізінде студенттер, магистранттар, докторанттар өлкетану мәселесіне қатысты тақырып алып, алынған тақырып аясында ғылыми жұмыспен шұғылдануына толық мүмкіндіктері бар. Жалпы ономастика мәселесіне қатысты көкейкесті сұрақтары не осы мәселе төңірегінде айтары бар көпшілік орталыққа келіп, түйткілді мәселесін орталық мүшелерімен бірге қарастыруына болады.

Бөлісу: