Түлектерді біріктіру, университеттің түлектермен байланысын нығайту, сыртқы байланыстар жүйесін дамыту мақсатында 2014 жылғы 30 қыркүйекте түлектер қауымдастығын құру мәселесіне байланысты алғашқы отырыс өтті.
«Түлектер қауымдастығы» Қоғамдық Бірлестігі 2015 жылдың 22 қаңтарында тіркелген. Алдын ала жұмыс жоспары мен қауымдастықты дамытудың перспективалық жоспары әзірленді.
Қауымдастық «Алтын ұяға – тағзым» жобасы аясында әр жылдардағы түлектер университет студенттеріне әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында «Қолдау стипендиялары» байқауын өткізді.
100 студентке берілетін бір реттік қолдау стипендиясына 3 000 000 теңгеден астам қаражат жиналды. Эндаумент қоры стипендиялардан бөлек, аз қамтылған студенттердің оқу ақысын төлеуге көмектесу үшін гранттар конкурсын бастады.
Сонымен қатар «Түлектердің табыс тарихы» атты жобасы өз жұмысын бастады. Жоба аясында табысты түлектер өз қызметі, жетістіктері туралы баяндап, университетте алған білімдерін қалай пайдалану керектігін және өз саласының кәсіби маманы болу жолдарымен бөлісіп отырады.
Жыл сайын Қазақстан Республикасында университеттің имиджін дамытуға және нығайтуға қосқан үлесі үшін Alikhan Bokeikhan University түлектерін марапаттау рәсімі өткізіліп, табысты түлектер «ABU құрметті түлегі» төсбелгісімен марапатталады.
Түлектермен ынтымақтастық – университеттің даму стратегиясының маңызды құрамдас бөлігі. Түлектер қауымдастығы әлеуметтік саясатты қолдауда толыққанды серіктес болып табылады.
Осылайша, қауымдастықтың құрылуы бір университетте білім алған, ортақ мүдделері бар адамдар арасында өзара байланыс орнатуға, бірыңғай ақпараттық алаң құруға мүмкіндік берді.