26 сәуір күні ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Абай облысы бойынша өңірлік департаменті Әлихан Бөкейхан Университетінің "Карьера" орталығымен бірлесе отырып, бітіруші курс студенттеріне мемлекеттік қызметке іріктеу ережелері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесуді Департаменттің мемлекеттік қызмет жөніндегі бөлімінің меңгерушісі Әлия Толқынғазықызы Карибаева өткізді. Спикер студенттерді "Мемлекеттік қызмет жастар үшін" бастамасының жүзеге асырылу барысымен таныстырды. Бұл бастаманың негізгі ерекшелігі - оқу үлгерімі, жақсы, орташа балы 3,33 GPA-ден кем емес түлектерді аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдардағы мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз қабылдайтындығында.
Кездесуге осы бағдарлама аясында жұмысқа тағайындалған мемлекеттік қызметкерлер - Аягөз ауданының қызметкерлерді басқару қызметінің бас маманы Б. Шапетов және Жарма ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы Е. Оралханова қатысып, білім алушыларға мемлекеттік қызметте жұмыс істеудің артықшылықтары туралы баяндады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік қызметке іріктеу ережелеріне енгізілген бұл жаңашылдық - жастардың кәсіби дамуына ғана емес, өңірлердің өркендеуіне де үлкен үлес қосатыны сөзсіз. Бастама аясында білікті жастардың мемлекеттік қызметке келуіне, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына жағдай жасалуда. Бұл өз кезегінде ауылды жердеоі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметтің мәртебесін арттырады.
Кездесу барысында білім алушылар мемлекеттік қызметке қабылдану мен жұмыс істеудің барлық аспектілері туралы жан-жақты ақпарат алды. Департамент өкілдері жастарды қызықтырған барлық сұрақтарға толыққанды жауап берді.
- Оқылды: 475