Құрметті қала тұрғындары, профессорлық-оқытушылар құрамы және студенттер! Баршаңызды келе жатқан Жаңа 2021 жылмен құттықтаймын!
Өткен жыл бүкіл әлем халқы үшін ауыр жыл болды. Дегенмен, ол бізді шыдамдылыққа, түрлі жағдайдың шешу жолдарын іздестіруге, жоғары технологиялар саласындағы жаңа дағдыларды жетілдіруге үйретті.
Әсіресе біздің бірінші курс студенттеріміз үшін оңай болмағаны сөзсіз. Біз студенттік өмірдің барлық қырларын қашықтықтан көрсетіп, барынша жеткізуге тырыстық. Дегенмен, бұл дәріс залдары мен оқу ғимараттарында курстастармен емен-жарқын араласып, қызықты сәттерді сезінуге жетпейтіні анық. Десе де, біздің білімге ден қойған студенттер, семестрді сәтті аяқтап отыр.
Біздің университетіміздің профессорлық-оқытушылар құрамы мен білім алушылар ештеңеге қарамай білімін жетілдіріп, үнемі өздерін дамытуға тырысуда. Олар жаңа ғылыми және әлеуметтік жобаларды әзірлеп, халықаралық, республикалық конференцияларға, конкурстар мен олимпиадаларға қатысып, жеңімпаздар қатарынан көрініп жүр. Университет халықаралық ынтымақтастық бағдарламасын және «Екі диплом» алу жобасын жалғастыруда. Шетелдік серіктес жоғары оқу орындарының профессорлары студенттерге онлайн-форматта дәріс оқиды. «Парасаттылық мектебі», «Көптілді оқыту курстары» қашықтықтан жұмыс істеуде.
Сонымен қатар, университеттің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Жаңа инновациялық кабинеттер ашылды. Олар тек білім алушылар үшін ғана емес, сондай-ақ, қала тұрғындары үшін де жұмыс істейтін болады.
Баршаңызды келе жатқан Жаңа 2021 жылмен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге және жақындарыңызға шын жүректен зор денсаулық, амандық, бақыт және қуаныш тілеймін!
[masterslider id="460"]
- Оқылды: 2378