12-13 маусым күндері Семей қаласында, Әлихан Бөкейхан Университетінде ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Президиумының «Қуатты өңірлік ғылым - қуатты өңір» тақырыбында көшпелі отырысы өтті.
Көшпелі отырыс жұмысына ҚР Президентінің жанындағы ҰҒА Президенті Ақылбек Күрішбаев, Абай облысы әкімі Берік Уәли, ҚР Атомдық энергия жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Жантикин Т.М., ҚР ҒжЖБМ Ғылым комитетінің төрағасы Жанқуатов Ғ.Ж., ҚР ҰҒА академиктері, Абай облысы әкімдігі басқармаларының басшылары, ғылыми ұйымдар мен ЖОО өкілдері, сондай-ақ ядролық энергетика, геология, металлургия, ауыл шаруашылығы, медицина және экология салаларындағы отандық және шетелдік ғалымдар мен бизнес қауымдастығы өкілдері қатысты.
Кездесу барысында өңірлік ғылымды дамытудың өзекті мәселелері, облыстың және жалпы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму перспективалары талқыланды. Қатысушылар назарына өңірлік ғылымның тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа зерттеулердің нәтижелері, стратегиялық тәсілдер мен бастамалар, ҚР Заңы аясында қабылданған «Ғылыми-технологиялық саясат туралы» аймақтағы жұмыс істеп тұрған өндірістерді дамыту және болашақтағы технологиялық мәселелерді шешу мүмкіндіктері ұсынылды.
Сонымен қатар қатысушыларға ғылыми дамудың жаңа басым бағыттары, оның ішінде өңірдің ерекшеліктеріне бағытталған бағыттар таныстырылды. Бүгінде Абай облысы – ғылым мен өнеркәсіптің зор әлеуетіне ие өңірлердің бірі. Мұнда еліміздің стратегиялық нысандарының бірі – Ұлттық ядролық орталық орналасқан. Сонымен қатар өңірде тау-кен өндіру және қайта өңдеу салалары белсенді дамып келеді.
Көшпелі сессия аясында ғылыми-инновациялық көрме ұйымдастырылып, Абай өңіріндегі аймақтық ғылымның басым міндеттерін анықтау мақсатында форсайт сессиясы өтті. Қатысушылар ғылыми қауымдастық пен өндіріс арасындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Отырыс кезінде Атом энергетикасын дамыту және саланы ғылыми қамтамасыз ету, сондай-ақ өңірлік ғылымды дамыту бойынша бірлескен жұмыс жоспарын бекіту туралы аналитикалық нота дайындалды.
Сондай ақ іс-шара барысында ҚР ҰҒА мен Alikhan Bokeikhan University арасында университет базасында Форсайт-орталық құру туралы меморандумға қол қойылды. Бұл орталық өңірлік Ғылым және технологиялар кеңесінің жұмыс органы болады.




- Оқылды: 120