31 мамыр - Саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында университетіміздің Тарих және география кафедрасында "Зобалаң жылдар жаңғырығы жадымызда мәңгі сақталмақ" атты дөңгелек үстел өткізілді.
Іс-шараға кафедраның профессор оқытушылар құрамы мен білім алушы докторанттар, магистранттар мен студенттер, сондай ақ кафедраның әлеуметтік серіктестері - мектеп ұстаздары мен облыстық тарихи өлкетану музейінің ғылыми қызметкерлері қатысты.
Іс-шараның мақсаты – ХХ ғасырдың басында Кеңес үкіметі тарапынан жүргізілген жаппай қуғын-сүргіннің себеп-салдарын тарихи тұрғыда саралау, жазықсыз жапа шеккен азаматтардың есімін құрметпен еске алып, ұрпақ санасында тарихи жадыны жаңғырту.
Дөңгелек үстелді кафедра меңгерушісі, т.ғ.к., қауымдастырылған профессор Қаламқас Болатова жүргізді.
Іс шара барысында кафедраның аға оқытушылары Александр Пашенцев пен т.ғ.к, доцент Раушан Мухамеджанова саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының өмірі мен қызметіне қатысты баяндамалар жасап, деректі мәліметтер мен архивтік құжаттар негізіндегі зерттеулерін ортаға салды.
Қатысушылар Алаш арыстарының тағдыры, «Үлкен террор» жылдарындағы қуғын-сүргін науқандары, «АЛЖИР» және «КарЛАГ» лагерлерінің тарихын жан жақты талқылады.
Іс шара жұмысы төмендегідей қарармен қорытындыланды:
1. Саяси қуғын-сүргін тарихын зерттеуді жалғастыру
ХХ ғасырда басынан кешкен саяси қуғын-сүргін оқиғаларының себеп-салдарын, құрбандарының тағдырын жан-жақты зерттеу мақсатында кафедра аясында арнайы ғылыми жобалар ұйымдастыру ұсынылсын, кафедра аясында дипломдық, магистрлік және докторлық деңгейдегі ғылыми жұмыстардың тақырыптарын бекіту.
2. Тарихи жадыны сақтау мен насихаттау
Жастар арасында тарихи жадыны сақтау және ұлттық сана қалыптастыру бағытында лекциялар, ашық сабақтар мен танымдық кездесулер тұрақты түрде өткізілсін.
3. Қуғын-сүргін құрбандары туралы деректерді жүйелеу
Семей өңірі бойынша қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалар жөнінде архивтік құжаттар мен естеліктерді жинақтап, электронды база құру мәселесі қарастырылсын.
4. Білім беру үдерісіне енгізу
Саяси қуғын-сүргін тақырыбын Қазақстан тарихы пәні, Қазақстанның қазіргі заман тарихы пәндері бойынша дәрістер мен семинар сабақтарында кеңінен қамту ұсынылсын.




- Оқылды: 80