24 сәуір күні Семей қаласындағы «Жеңіс саябағында» патриоттық маңызы зор ерекше іс-шара өтті. ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Абай облысы бойынша департаментінің әскери қызметшілері Мәскеу қаласындағы «Жеңіс алаңында» орналасқан Мәңгілік алаудан алынған отты Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аясындағы «Жеңіс эстафетасы» аясында салтанатты түрде қабылдау рәсімін ұйымдастырды. Іс- шараға Alikhan Bokeikhan University әскери кафедрасының үздік студенттері мен оқытушы ардагерлері қатысты.
Шара аясында Қазақстан Республикасының туы ортаға шығарылып, мемлекеттік Әнұран орындалды. Қонақтар мен делегаттар, шекара ардагерлері "Застава тарландары"Республикалық қоғамдық бірлестіктің Абай облысы бойынша филиалының ардагерлері Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Құрметті қарауыл, «Жас ұлан» тәрбиеленушілері және эстафета тобы салтанатты саппен сап түзеді.
Эстафетаны алып жүру құрметі ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаменті Мақаншы ауданы бойынша шекара басқармасының мерзімді әскери қызметшісі, Кеңес Одағының Батыры Қанаш Қамзиннің шөбересі – қатардағы жауынгер Ескендір Қамзинге берілді. Эстафета тобының жетекшісі – Ұлы Отан соғысының ардагері Жексебаев Баймұханбеттің немересі, капитан Ахет Баймұхамет.
Іс-шарада Семей қаласы әкімінің орынбасары, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының басшысының орынбасары, Абай облысы Қорғаныс істері департаментінің бастығы полковник Руслан Омаров, ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаменті бастығының бірінші орынбасары полковник Қуандық Утяпов, сондай-ақ Семей қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебай Бердікенов құттықтау сөз сөйледі.
Бұл шара – отансүйгіштік рухты дәріптеудің, жас буынның тарихи жадын оятудың нақты үлгісі болды. Қатысушылар рухани әсер алып, елдік пен ерлікті ұлықтаған сәттерге куә болды.
Мерекелік концерт барысында соғыс тақырыбындағы әндер орындалып, көрермендер патриоттық рухпен серпілді. «Ер жүрек ел», «Смуглянка», «Ұландар шеруі» сынды туындылар ерекше ықыласпен қабылданды.
Жеңіс рухын жеткізген алау енді Аягөз қаласына жол тартып, Жетісу облысы делегациясына табысталмақ.




- Оқылды: 51