Сыбайлас жемқорлық – қоғам дамуына кедергі келтіретін қауіпті де зиянды құбылыс. Ол ел экономикасын әлсіретіп қана қоймай, әлеуметтік әділеттілікті бұзып, адамдардың мемлекетке және заңға деген сенімділігін төмендетеді. Әсіресе, жастар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – қоғам дамуының жарқын болашағы үшін аса маңызды екені сөзсіз.
Әлихан Бөкейхан Университеті жастар бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен жемқорлық белгілеріне қарсы әрекет ету дағдыларын дамытуға бағытталған кешенді жұмысты тұрақты түрде жүргізіп келеді. Оның бір көрінісі – университетімізде жыл сайын, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Абай облысы бойынша Департаментімен серіктестікте өткізілетін "AntiParaCraft" квест ойыны.
Биылғы ойын университетіміздің үш факультетінің (Гуманитарлық, Заң және Ақпараттық технологиялар мен экономика) студенттерінің қатысуымен өтті. Ойынның басты назары мақсаты – өскелең ұрпақ бойында адамгершілік құндылықтарды тәрбиелеу және жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетаным мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.
Командалар сайысына баға берген әділ қазылар құрамына:
- ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Абай облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Н.Н.Толыбеков,
-департамент қызметкері Б.Қ. Дүйсенова,
- Alikhan Bokeikhan University-нің құқықтық мәселелер және сыбайлыс жемқорлыққа қарсы саясат жөніндегі проректоры, заң ғылымдарының докторы М.Х.Матаева,
- Alikhan Bokeikhan University комплаенс-офицері А.Т. Абданов,
- Заң факультетінің аға оқытушылары А.Қ.Жұмадилов, М.Б.Бақтыбеков,
- Филология кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Р.М. Мұқажанова,
- Бизнес және басқару кафедрасының аға оқытушысы Е.О.Шойбакова кірді. Ойынды Азаматтық құқықтық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Д.Амиргалин жүргізді.
Ойын барысында командалар («Әділдік жақтастары», «Алашорда», «Самғау») өз эмблемаларын және алдын ала даярлаған бейне роликтері мен сыбайлас жемқорлықпен күрес тақырыбындағы плакаттарын таныстырды.
Байқау Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы мен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы аясында өткізілгендіктен, қатысушылардың теориялық білімін тексеретін байқау тапсырмаларына еліміздің Ата заңын білуге және Абайдың адалдық, адамгершілік, әділдік, қолдың тазалығы, парасаттылық туралы нақыл сөздерін білуге арналған сұрақтар да болды.
Сонымен қатар қатысушы студенттер Қазақстан Республикасының заңдары бойынша тест, кроссворд сұрақтарына жауап беріп, ситуациялық есептер шығарды.
Ойын қорытындысы бойынша командалар Alikhan Bokeikhan University Президенті, профессор Ш.Құрманбаеваның грамоталарымен марапатталса, квест жеңімпазы атанған Заң факультетінің «Алашорда» командасы (құрамында: Әшірбай Б. - команда капитаны, Талғат Д., Сайлауова І., Оралбаева Д., Маратова А.) дипломдармен және университеттің бренделген өнімдерімен марапатталды.
Жеңіп шыққан команда алдағы уақытта аймақтық байқауда университет намысын, және республикалық байқауда облыс намысын қорғайтын болады.




- Оқылды: 89