2025 жылдың 10 ақпанында Тарих және география кафедрасының ұйымдастыруымен «Өткеннен – Болашаққа: тарих және география әлемі» атты апталығының ашылуы өтті.
Іс-шара барысында кафедраның меңгерушісі, т.ғ.к. Болатова Қаламқас Болатқызы барша қатысушыларды апталықтың ашылуымен құттықтай отырып, апталықтың мақсаты – білім алушыларды адамзат баласының сан ғасырлық өткенін зерттеу мен географиялық кеңістікті тануға, білім алушылардың тарихи және географиялық білімдерін тереңдетуге, қазақ елінің тарихын, мәдениетін зерделеуге, сондай-ақ, әлемнің әртүрлі елдері мен табиғи ерекшеліктерін танып білуге ынталандыру екенін атап өтті.
Апталықтың бірінші күні арнайы шақырылған қонақ - Абай облысы мемлекеттік архивінің «Ғылыми анықтамалық ақпарат және құжаттарды пайдалану» бөлімінің басшысы Қадырова Лаура Қабдылғазықының «Әлихан Бөкейхановтың Семейдегі қызметі архив деректерінде» атты ашық дәрісі өтті.
Гуманитарлық факультет студенттеріне ұйымдастырылған дәріс барысында Әлихан Бөкейхановтың Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі рөлі мен Семейдегі қызметі туралы архив материалдары негізінде тың деректер ұсынылып, Ұлт көсемінің тарихи мұрасының маңыздылығы жан-жақты талданды
Бұл дәріс қатысушылар үшін құнды ақпарат көзі ғана емес, сонымен қатар тарихымызды тереңірек түсінуге және өткеннің сабақтарын бағалауға септігін тигізді. Әлихан Бөкейхановтың тұлғасы – қазақ мемлекеттілігі мен тәуелсіздігі үшін күрестің символы болғандығы, оның өмірі мен қызметі болашақ ұрпақ үшін маңызды екендігі айтылды.
Дәріс барысында қойылған сұрақтар мен пікірталастар көрсеткендей, тыңдаушылар бұл тақырыпқа үлкен қызығушылық танытты. Архив материалдарына сүйенген нақты деректер тарихты жаңаша пайымдауға мүмкіндік берді. Осындай мазмұнды кездесулер біздің тарихи санамызды нығайтып, ұлттық мұрамызды зерттеуге деген ынтамызды арттыратыны сөзсіз.
Студенттер тарабы өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, Лаура Қабдылғазықызымен құнды пікір алмасты.



- Оқылды: 102