2025 жылдың 21 қаңтарында Ақпараттық технологиялар және экономика факультетінің Қолданбалы биология кафедрасында «Жоғарғы оқу орнының жұмыс берушілермен өзара қарым-қатынасы - түлектерді сапалы даярлаудың кепілі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелдің мақсаты – жоғары оқу орындары мен жұмыс берушілер арасындағы тиімді әрекеттесу нысандарын талқылау, білім беру бағдарламаларын жетілдіру және түлектердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Дөңгелек үстел жұмысына директорлардың орынбасарлары мен мектеп мұғалімдері, колледж оқытушылары, спорттық ұйымдардың басшылары мен жаттықтырушылары, тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарының басшылары және тамақ өнеркәсібін қайта өңдеу ғылыми-зерттеу институтының өкілі, сондай-ақ 6В01509 «Химия-биология», 6В05121 «Биотехнология», 6В01404 «Дене шынықтыру және спорт», 6В01403 «Бастапқы әскери дайындық» білім беру бағдарламалары кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты.
Дөңгелек үстел барысында оқу бағдарламаларын жетілдіру мәселелері, элективті пәндер каталогтарын талқылау, дуальды оқыту жүйесін жүзеге асыру, жұмыспен қамту және жоғары оқу орны мен өндірістің өзара әрекеттестігі мәселелері қарастырылды.
Қатысушылар қазіргі еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, оқу бағдарламаларын одан әрі жетілдіру мәселелері бойынша пікір алмасты.
Мәселен, серіктестер 6В05121 «Биотехнология» білім беру бағдарламасында «Қоршаған ортаны қорғау және мониторингілеу» пәнінің болуын жоғары бағалады. Бұл пән ERASMUS+ жоғары білім беру әлеуетін жақсарту жобасы бойынша «CirculEC – Циркуляр экономика мен тұрақты даму саласындағы инновациялық оқу бағдарламалары мен модульдерді әзірлеу» жобасы аясында әзірленіп, енгізілген болатын. Аталған пән болашақ биотехнолог мамандарды экология саласындағы құзыреттермен қамтамасыз етеді.
Іс-шара соңында шақырылған қонақтарға дөңгелек үстел жұмысына қатысқандығын растайтын сертификаттар табысталды.
- Оқылды: 89