13 желтоқсан күні Әлихан Бөкейхан Университеті Семей қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, Білім бөлімі және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Абай облысындағы филиалының қолдауымен Семей қаласының құрметті азаматы, «Ана тілінің айбары» белгісінің иегері, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының негізін қалаушы Бәтташ Сыдықұлының 95 жылдығына арналған "Ұлт байлығы – Тіл байлығы" дөңгелек үстелін өткізді.
Іс-шараның мақсаты – қазіргі қазақ тілінің түрлі салалардағы қолданылу мәселелері мен даму перспективаларын, тіл мәдениеті мен шешендік өнерді жаңғырту жолдарын талқылау, Бәтташ Сыдықұлының қазақ тілінің жанашыры ретіндегі қайраткерлік қызметін зерделеу, насихаттау.
Іс-шара жұмысына ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым академиясы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы өкілдері, ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен мектеп ұстаздары, білім алушы докторанттар мен магистранттар, студенттер, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелдің күн тәртібінде:
– Қазақ әдеби тілі: тарихы, бүгінгі жағдайы және келешегі
– Жасанды интеллект, цифрлық трансформация және қазіргі қазақ тілі
– Бәтташ Сыдықұлы – тіл жанашыры
– Жұртшылық алдында сөз сөйлеу және тіл мәдениеті
– Шешендік өнерді жаңғырту мәселелері
сынды өзекті де өнегелі тақырыптар талқыланды.
Іс-шара барысында сонымен қатар Бәтташ Сыдықұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Бәтташ. Тұғыры биік тұлға» кітабының тұсаукесері рәсімі өтті.
Іс-шара соңында қатысушылар күн тәртібіндегі мәселелер мен тыңдалған баяндамалар, жарыссөз қорытындылары бойынша қазақ тілінің мәртебесін арттыру, ұлт қайраткерлерінің өнегелі өмірін насихаттау, тіл мәдениеті және шешендік өнерді жаңғырту мәселелеріне арналған қарар қабылдады.
- Оқылды: 408