Новосібір мемлекеттік экономика және басқару университетінің студенттері 27 қазан мен 2 қараша аралығында Alikhan Bokeikhan University ұйымдастырған «Қаржы нарығындағы цифрлық құралдар» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтті.
Alikhan Bokeikhan University жыл сайын шетелдік жоғары оқу орындарымен студенттер алмасу бағдарламаларын іске асырады. Академиялық алмасулар аясында білім алушылар бір семестрлік оқудан, сонымен қатар өз дайындық бағыттары бойынша түрлі тағылымдамалардан өтеді.
Новосібір мемлекеттік экономика және басқару университетінің 2 курс студенттеріне арналған тағылымдаманы ABU Халықаралық ынтымақтастық бөлімі, «Бизнес және басқару» кафедрасы және Abai IT Valley технологиялық кластері әзірлеп шықты. Бағдарлама толығымен Alikhan Bokeikhan University Президенті, профессор Ш. А. Құрманбаеваның гранты есебінен қаржыландырылды.
Тағылымдама аясында «Бизнес және басқару» кафедрасының оқытушылары студенттерге Қазақстанның қаржы нарығының жұмыс істеу ерекшеліктері, ҚР Салық жүйесінің ерекшеліктері туралы дәрістер курсын оқыды.
Тағылымдамаға қатысушылар үшін ABU студенттерінің іс-тәжірибеден өтетін мекемелеріне, атап айтқада, Halyk Bank пен Freedom Broker-ге экскурсиялар ұйымдастырылды. Онда студенттер осы қаржы институттарының жұмыс істеу ерекшеліктерімен танысты, қаржы нарығының даму үрдістері туралы көптеген пайдалы ақпараттар алды.
Ақпараттық-техникалық ғылымдар кафедрасының оқытушысы, Abai IT Valley қызметкері Ақылжан Бидахметов білім алушыларға негізгі цифрлық құралдар, мамандарға қаржы нарығы жағдайында деректердің үлкен массивтерін талдау, трейдинг үшін пайдалануға болатын технологиялар бойынша практикалық семинар өткізді.
Мұндай бағдарламаларың құндылығы - мамандар даярлау ісінің сапасын арттырып, білім алушылардың ой-өрісін кеңейтуге, даярлық бейіні бойынша жаңа дағдылар мен құзыреттерді игеруге мүмкіндік береді.
Тағылымдама соңында барлық қатысушыларға сертификаттар мен естелік кәдесыйлар табысталды.
- Оқылды: 275