Ұстаздық жұмыс - жауапкершілігі мен ауыртпашылығы көп жұмыс түрлерінің бірі екені барлығымызға аян. Ұстаздардың денсаулығы мен эмоционалды көңіл-күйін қалыпты жағдайда ұстау - білім саласын басқарудағы маңызды міндеттердің бірі.
Әлихан Бөкейхан Университетінің қызметкерлері - кәсіби психолог мамандар мектеп мұғалімдері мен колледж, жоғары оқу орындарында сабақ беретін тұлғалардың физикалық және эмоционалды саулығын сақтауға бағытталған бірқатар зерттеулер мен қолданбалы жобаларды жүзеге асырып келеді.
Соның бірі - мектеп пен университет арасындағы тығыз байланыс негізінде, сабақ беретін ұстаздарға тұрақты түрде түрлі психологиялық тренингтер мен арнайы оқыту қызметтерін ұсыну.
Жақында университетіміздің Педагогика және психология кафедрасының мамандары - аға оқытушы, PhD Гүлзат Сарбасова мен оқытушы Махаббат Базарбаева қаламыздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде болып, педагогикалық ұжым мүшелерімен эмоционалды қажуды еңсеру жолдары бойынша жұмыс жасап қайтты.
"Эмоционалды икемділік педагогтың жетістігінің кілті ретінде" тақырыбындағы семинар-тренинг барысында спикерлер ұстаздар қауымына эмоционалды икемділікті жетілдіру және сақтау жолдарын, эмоционалды қажу деңгейін диагностикалауды өз эмоцияларын басқара білу әдістері мен техникаларын үйретті.
Сонымен қатар ұстаздар қауымы үшін "Менің өмірлік ресурстарым" тақырыбында эмоционалды күйзеліс кездерін еңсеруге бағытталған психологиялық ойын-жыттығулар өткізілді.
- Оқылды: 25