19 қаңтар күні Ақпараттық технологиялар және экономика факультетінің Бизнес және басқару кафедрасында оқытушыларға арналған кеңейтілген оқу-әдістемелік семинар өтті.
Семинар "Болашақ" бағдарламасы бойынша ғылыми тағылымдамадан өткен кафедра оқытушысы Б.Қ.Қадыровтың іс тәжірибесін талқылауға арналды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Жаңа нақты ахуалда: іс – қимыл уақыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында озық ғылыми технологияларды трансферттеу мақсатында жыл сайын 500 ғалымның әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді тапсырды. Ғалымдар үшін тағылымдама жетекші шетелдік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, ғылыми орталықтар мен салалық ұйымдарда ғылыми, ғылыми-техникалық кадрлардың біліктілігін арттыруға бағытталған.
Б.Қ.Қадыров ғылыми тағылымдамадан 2023 жылдың 4 қыркүйегі мен 3 желтоқсаны аралығында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің экономика факультетінде өтті.
Семинар барысында оқытушы факультеттегі әріптестері үшін ғылыми тағылымдамадан өтуге үміткерлерге қойылатын талаптар, конкурс кезеңдері, кафедраның оқі үрдісіндегі, ғылыми қызметіндегі кейбір проблемалық мәселелерді шешу бойынша ұсыныстар топтамасы және т.б. туралы жан-жақты ақпарат берді.
Ғылыми тағылымдамадан өту барысында «Орнықты дамудың ұлттық модельдері: теориясы мен тәжірибесі» тақырыбында тереңірек және жан-жақты зерттеу жүргізілді. Зерттеудің заманауи әдістері игерілді, жаһандану жағдайында экономиканың орнықты дамуының қолданыстағы теориялары талданды, орнықты дамудың негізгі факторлары мен көрсеткіштері айқындалды, серпінді өзгеріп отыратын жаһандық геосаяси жағдай мен ұлттық экономиканы аймақтандыру жағдайындағы макроэкономикалық тұрақтылық тенденциялары зерделенді, тұтастай алғанда елдің де, жекелеген өңірдің де орнықты экономикалық дамуына ықпал ететін практикалық ұсынымдар әзірленді.
Тағылымдама шеңберінде Мәскеу мемлекеттік университетінің жетекші ғалымдарының орнықты даму теориясы, статистикалық және экономикалық талдау бойынша курстары, тренингтері мен мастер-кластарына қатысты, сондай-ақ сарапшы, қазылар алқасы мүшесі ретінде микро-макро экономика саласы бойынша өткізілген ғылыми конкурстарға қатысу қамтамасыз етілді, ғылыми еңбектер басып шығаруға дайындалды, Мемлекет пен қоғамның трансформациясы жағдайындағы орнықты дамудың жаңа Қазақстан дәуіріндегі ұлттық моделі әзірленді (өзара байланысты сызбалар нысанында) және авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізілімге мәліметтерді енгізу туралы куәлік алынды.
Тағылымдаманың басты артықшылығы - Б.Қ.Қадыров Бизнес және басқару кафедрасының оқу процесіне, ғылыми қызметіне енгізу үшін бірқатар ғылыми негізделген ұсыныстар топтамасын жасады.
Семинар соңында қатысушылар тәжірибе алмасуға арналған мұндай басқосулар оқу процесіне оң әсерін беретіні және университеттің орнықты дамуына өз үлесін қосатындығын мәлімдеді.
Бизнес және басқару кафедрасы кеңейтілген оқу– әдістемелік семинарға қатысқан барлық оқытушыларға алғыс білдіреді!



- Оқылды: 456